Депутат елорданың атауын өзгерту тәртібін түсіндірді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов елорданың атауын өзгерту тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен елорданың ресми атауы нақты қай органнан кейін ауыстырылатынын айта алмады. Оның айтуынша, мәжіліс конституциялық өзгерістерге қатысты заң жобасын қарайды. Ал мәслихатта ономастикалық комиссия жұмыс істейді. Оның да өзіндік жұмыс тәртібі бар.

"Шамасы, парламент мәжілісінде тиісті шешім қабылданғаннан кейін оларда (мәслихатта - Sputnik) қажетті жұмысты атқаруға заңды негіз болады. Комиссия да қарайтын шығар. Біз өзіміз әлі заң жобасын толығымен көрген жоқпыз, жақын арада түсуі керек ", - деді Қожахметов журналистерге берген сұхбатында.

Депутат бұған дейін елорданың атауын өзгерткенде "партиямен бірге дауыс бергенін" жеткізді.
"Мен өзім елорданың атауын қайта-қайта ауыстырғанын қаламаймын. Астана атауы маған да өте ұнайды. Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймын", - деп атап көрсетті Қожахметов.
Айта кетері, елордаға бұрынғы атауын қайтару бастамасын "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы көтерген болатын. Олар президенттің өкілеттілік мерзімін өзгертумен бірге Конституцияда елорданың атауын "Астана" деп ауыстыруды ұсынды. Ал қала мәслихаты ертең осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткізеді.
16 қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді