НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек - Sputnik. "Бәйтерек" ұлттық холдингінің басшысы Қанат Шарлапаев Сбербанк Қазақстан ребрендинг жасап, атауын "Береке" деп өзгертетінін хабарлады.
"Ребрендинг міндетті түрде болады. 1 қыркүйекте меншік құқығын беру транзакциясын аяқтадық. Жаңа банк "Береке банк" деп аталады. Қазақтың жақсы сөзі, бәріміз бір-бірімізге береке тілейміз. Сондықтан, менің ойымша, бұл банк өз құндылықтарын жүзеге асыруды жалғастыра береді", - деді Шарлапаев журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында.
Еске салсақ, сәуірде Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты санкцияға ұшыраған Сбербанк клиенттердің кредит портфелінің бір бөлігін Halyk Bank-ке сатты. Жалпы қарызы 330 миллиард теңге болатын ипотекалық несиелер де бар. Банктің өзін "Бәйтерек" ұлттық холдингі сатып алды.
1 қыркүйекте "Бәйтерек" пен "Сбербанк" тобы Қазақстандағы Сбербанктің еншілес банкінің ("Сбербанк" АҚ ЕБ) барлық үлесін сату-сатып алу мәмілесін жасасты.