НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Абай облысында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына мемлекеттік награда жеткізілді, деп хабарлайды Хабар 24.
ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі "Айбын" орденін марқұмның туған-туыстарына өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевпен Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков табыстады.
Сонымен қатар үш бөлмелі пәтердің сертификаты да берілді.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 7 қыркүйек күні Жарма ауданына қарасты Бозжыра округінде болған. Онда құрғақ шөп отқа оранып, дала өрті тіркелді.
Желдің бағыты күрт өзгеруінен автоцистерна мен су таситын көлік жанып, Айдостың денесін қатты күйік шалған. Ол алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. 36 жастағы Айдостың соңында әйелімен, бес баласы қалды.