НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Бес тәулікке созылған іздестіру жұмыстары кезінде суға кеткен ер адамның мәйіті табылды. Ол "Ертіс" футбол клубының бұрынғы ойыншысы және Қазақстан жағажай құрамасының мүшесі болған, деп хабарлайды Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
"10 қыркүйек күні сағат 16.53-те Павлодар ауданы Кенжекөл ауылының маңында төрт құтқарушы 5 қыркүйекте балық аулау кезінде суға кеткен 1995 жылғы азаматтың мәйітін тауып, судан шығарды", - деп мәлімдеді ТЖД.
"Мәйітті балықшы Ақсу көпірінің астынан кездейсоқ көріп қалған", - деп хабарлады агенттік тілшісіне павлодарлық "VITA" іздеу тобындағылар.
Бұған дейін Sputnik Қазақстан хабарлағандай, қайғылы оқиға 5 қыркүйек күні сағат 14:00 шамасында болған. Екі дос балық аулауға шыққан. Алайда олардың бірі "Ертіс" футбол командасының бұрынғы ойыншысы және Қазақстан жағажай құрамасының ойыншысы, 1995 жылғы ер адам жағаға қатты жақын келіп, аяғы тайып, құлап кеткен. Досы оны құтқара алмаған.
Ер адамды іздеу жұмыстары бес тәулік бойы жалғасты. Іздестіру жұмыстарына ТЖД құтқарушылары, сондай-ақ Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, Павлодардағы "ВИТА" еріктілері, суға батқан жігіттің туыстары мен жақындары жұмылдырылды.