НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Әулиекөл ауданында табиғи өрт ауыздықталды, екі күнде толығымен өшіріледі. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай облысындағы орман өрті бүгін сағат 15.00-де ауыздықталды. Өрт аумағы 43 мың гектарды құрады. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Өртті өшіруге тартылған күштер мен құралдар азайтылды. Ақмола облысының күштері мен құралдары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысатын болады. Сонымен қатар, ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады. Екі күннің ішінде өрт толығымен өшіріледі", - деді Юрий Ильин.
Ал Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында қарауылдар қойылады.
Қостанай облысындағы өрт
Айта кетері, Әулиекөл ауданында өрт 2 қыркүйекте басталған. Ертесінде қатты желдің салдарынан біраз жерге жайылып кетті. Президенттің айтуынша, өрттің басталғаны туралы хабар да кеш берілді.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар, ішкі істер мен қорғаныс министрлігі, ұлтық ұлан, жергілікті және облыстың коммуналдық қызметтері тартылды. Барлығы 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 маман шығарылды. Бірнеше тікұшақ та болды. Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты.
Төтенше жағдай кезінде 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан- 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына - 250 адам). Қазір көбісі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарына барды.