НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігі орманға өрт қойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті. Ведомство тергеу департаментінің арнайы видеосын жариялады.
Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлденнің айтуынша, қолданыстағы заңнамада ормандарды жою немесе зақымдау үшін қылмыстық жауапкершілік бар.
"Орман қорына кіретін және кірмейтін ағаштар мен бұталарды өрт қою жолымен немесе қалдықтар мен қоқыс тастау арқылы, сондай-ақ, өзге де қауіпті тәсілдермен қасақана жою немесе зақымдау Қылмыстық кодекстің 341-бабымен сараланады. Аталған қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - дейді Шүлден.
Айта кетері, Қостанай облысындағы орман өрті басылмай тұр. Тілсіз жау 43 мың гектарға шарпыды. Бір адам қаза тапты. 100-ден астам құрылыс нысаны жанып кетті.