Нұр-Сұлтанда заңсыз есірткі сатқан дәмхана иесі қамауға алынды – видео

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтанда дәмхана ашқан әйел заңсыз есірткі сатқаны үшін ұсталды. Ол "ыстық бәліштер" деп келген адамдарға гашиш сатып отырған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ресми қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, арнайы операция кезінде есірткінің ірі партиясы тәркіленді. Дәмхана ашқан әйел үй тағамдарымен бірге гашишті заңсыз сатып отырған. "Ыстық бәліштер" деген құпия сөз де болған. Есірткі алуға келген клиенттер алдымен соны айтқан. Осылайша, дәмхана иесі адамның не үшін келгенін біліп тұрды.
Дәмхананы тінту кезінде сатуға дайындалған 56 қағаз орамасы табылды. Барлығында гашиш болды. Есірткінің жалпы салмағы 1 келіден асты. Сондай-ақ, есірткі сатудан түскен 2,5 миллион теңге тәркіленді. Дәмхана иесі өз кінәсін мойындады. 52 жастағы әйел қамауға алынды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі ("есірткі, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.