НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Жаңадан тағайындалған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналистердің құқықтық мәртебесін бекітуге мүдделі.
"Менің жеке пікірім, журналистің құқықтық мәртебесін қарастыру қажет. Шын мәнінде, журналистің сөз бостандығы мәселесі, оның ақпарат алуға қолжетімділік мәселесі, журналистердің әлеуметтік мәселесі – жалақысы мен қаламақысы бар. Мен өзім бұның бәрін БАҚ саласынан келген басшы ретінде жақсы білемін. Сондықтан барлығын қолға аламыз, назарға аламыз", - деді Қыдырәлі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетері, ақпарат саласына жаңа басшы келген сайын осы мәселе көтеріліп отырады. Бірақ талқылаудан ары кетпейді. Былтыр сенатор Нұртөре Жүсіп журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды.
"Бүгінде журналистің қоғамдағы орны заңдылық тұрғыдан еш айқындалмаған. Соның салдарынан қазір журналист не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші, не кәсіпкер санатында жоқ белгісіз тұлға. Санда бар, санатта жоқ", - деді ол.
Сенатор өзінің депутаттық сауалын сол кездегі премьер-министр Асқар Маминге жолдаған. Бірақ ол қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кетті.
Биыл мамыр айында Жүсіп үкімет басшысына тағы бір депутаттық сауал жолдап, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге үндеді.