Қапшағайда үш қызды құтқарған алматылық марапатталды

Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында суға батып бара жатқан адамдарды құтқарғаны үшін 53 жастағы ер адам медальмен марапатталды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, награда биыл жазда суға батып бара жатқан үш қызға көмектескен Александр Ананьевке тапсырылды. Марапаттау туралы бұйрыққа төтенше жағдайлар министрі қол қойды.
"Қапшағай су қоймасында үш адамды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Александр Ананьев "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 53 жастағы алматылықтың ерлігі туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланған еді.
29 шілдеде ер адам бала-шағасымен бірге Қапшағайға шомылуға келген. Жағадан ұзап жүзіп кеткен ер адам үрлемелі баллонда баланың жылап жатқанын естіген. Жақындап барғанда суға тұншығып жатқан үш қызды көреді.
Александр оларды үлкен қиындықпен судан алып шықты.
"Екеуін ұстап тұрып, олар үшін өмірге деген күрестің соңғы үміті екенімді түсінемін. Үшінші қыз болса су ағынына ілесіп, демалмайды. Осы кезде оны құтқарып қалуға әрі кетсе бес секунд уақыт бар екенін түсіндім. Сәл кешіксем су түбінен оны іздеп таба алмайтын едім", – деді Александр.
Ол су астынан қыздың қолынан ұстап үлгерді. Осылайша үш қызды жағаға алып шықты. Су түбіне кеткен қыз жасанды тыныс алу жаттығуларын жасағаннан кейін есін жиды. Үшеуі де есеңгіреп қалған.