НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президент жолдауындағы әйелдердің зейнет жасына қатысты бастамаға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кешегі жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде ұстап тұруға тапсырма берген. Министрліктің түсініктемесіне сәйкес, осы бастама келесі жылдан бастап күшіне енеді. Осылайша, әйелдер бес жыл бойы 61 жаста зейнетке шыға алады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Олардың бірі - 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданды", - дейді министрлік мамандары.
2028 жылға дейін денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға ден қойылады. Атап айтқанда, ауыл медицинасын дамыту, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру, оңалту орталықтарының желісін құру шараларына басымдық беріледі.
Артынан әйелдердің зейнет жасын біртіндеп көтеру жұмысы жалғасады.