НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Келесі жылдан бастап Қазақстанда пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы қалалар әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасында айтылған. Заң жобасы әкімдерді тағайындау және сайлау тәртібін өзгертуді көздейді.
Вице-министр Алма Мұқанованың айтуынша, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдері президенттің баламалы негізде мәслихат қарауына кемінде екі кандидатура ұсынуы арқылы тағайындалады.
Сонымен қатар, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес 2021 жылы жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізілуде.
"Мәселен, өткен жылы ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау өткізілді. 2023 жылдан бастап пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау өткізіледі. Осыған байланысты, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдерін сайлауға байланысты нормаларды енгізу ұсынылады", - деді Мұқанова мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында.
Осылайша, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатын немесе тағайындалатын болады.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің сайлауы 2024 жылдан бастап өткізілетінін мәлімдеген еді.