Білім күнінде бірден сегіз жаңа мектеп, оның ішінде төрт мемлекеттік білім ордасы есігін айқара ашты. Бұл білім ошақтары Мәдениет, Қалқаман, Саялы, Томирис шағын аудандарында орналасқан және 6 600 оқушыға арналған. Қалған 1 470 орынға арналған төрт мектеп жеке инвестиция есебінен салынған.
Сондай-ақ, бүгінде 191, 146, 125 мектептердің қосалқы ғимараттарының құрылысы аяқталып, оқушылар санын 875 орынға арттыруға мүмкіндік туды.
Биыл оқу жылынан бастап Алматы мектептері бір немесе екі ауысымда оқуға толығымен көшіп жатыр. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қаладағы соңғы үш ауысымда оқитын 196 мектептің мәселесі "Мәдениет" ықшам ауданында жобалық қуаты 1 500 оқушыға есептелген жаңа оқу орнының ашылуы арқылы шешілген. Алматыда жалпы орта білім беру саласы 301 мектепті, оның ішінде 210 мемлекеттік, 91 жекеменшік мектепті қамтып отыр.
2022 жылы аз қамтылған отбасындағы балаларды мектепке дайындау аясында жергілікті бюджеттен 847 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде Алматыдағы 20 мыңға жуық оқушыға жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 43 мың теңге көлемінде қаражат берілді. Демеушілердің арқасында "Мектепке жол – шекарасыз жақсылық" республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасындағы 4 108 балаға жалпы сомасы 70,6 миллион теңгеге көмек көрсетілді.
Толығырақ Sputnik Қазақстан суреттер топтамасынан көріңіздер.