Ардагер дзюдошылар әлем чемпионатында бақ сынайды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. 8-11 қыркүйек күндері Польшаның Краков қаласында дзюдодан ардагерлер арасында әлем чемпионаты басталады, деп хабарлады Prosports.kz.
Аталған жарыста 57 мемлекеттен келген 900-ге тарта балуан бақ сынайды. Татамиге шығатындар қатарында қазақстандық дзюдошылар да бар. Краковқа сапар шеккелі отырғандардың тізімінен әйгілі балуандардың есімдері де кездеседі. Мәселен, 60 пен 64 жас аралығындағы спортшылар арасында Алмас Мұсабеков күш сынасады.
Даңқты бапкер Марат Жақыттың қол астында жаттыққан Жамбыл облысының тумасы өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары атой салғанын көзі қарақты көрермен ұмыта қойған жоқ. Ол самбодан екі дүркін КСРО чем­пио­ны атанып, сан мәрте жүлдегерлер сана­тынан кө­рінді. Әлем кубогы мен Еуропа бірін­ші­ліктерінде топ жарды.
50 мен 54 жастағылардың сайысында Руслан Сейілханов өнер көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысының түлегі тоқсаныншы жылдары еліміздегі ең белді балуандардың бірі әрі бірегейі болды. Ол Атланта мен Сидней Олимпиадаларына қатысып, әлемдік және құрлықтық додаларда үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрді.