НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өз әйелін өлтірді деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Қылмыс осы жылдың 26 маусымында жасалған, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Соққының ізі бар 32 жастағы әйелдің мәйіті табылғаны туралы полицияға жедел жәрдем дәрігерлері хабарлаған. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы күдіктіні тез арада анықтады. Ол қайтыс болған жас келіншектің күйеуі болып шықты.
"Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі – "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 38 жастағы азамат күдікті деп танылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді", - деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.
Бұған дейін өңірдегі бірқатар БАҚ 26 маусым күні Шымкентте неке түнінде "Назарбаев зияткерлік мектебінің" 32 жастағы мұғалімінің айуандықпен өлтірілгені туралы ақпарат таратты. Жәбірленушінің күйеуі күдікке ілінді, ол оқиға орнынан ізін суытқан.