Маңғыстауда монополистер халықты 60 миллион теңгеге алдаған – прокуратура

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысында ондаған автогаз құю станциясына айыппұл салынды. Ал монополиялық табыстың барлығы тәркіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Прокурорлар сұйылтылған мұнай газ нарығына тексеріс жүргізу кезінде бағаны бір мезгілде көтеру сияқты бәсекелестікке қарсы фактілерді анықтады. Көлікке арналған газ құятын станциялар өзара келісіп, бағаны көтеріп отырған. Осылайша, миллиондап табыс тапқан.
"Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 54 автогаз құю станциясына және газ өндіру зауытына айыппұл салынды. Сондай-ақ, 60 миллион теңгеден асатын монополиялық табыс тәркіленді", - делінген ресми хабарламада.
Бұдан басқа, сұйылтылған мұнай газы нарығындағы кәсіпкерлер де заң бұзған. Олар арнайы бағдарламалардың көмегімен электрондық сауда алаңдарының қорытындыларын бұрмалады.
"Бүгінде кінәлі тұлғаларға қатысты қылмыстық іс рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды. Прокуратура сұйытылған мұнай газы нарығындағы бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол бермеу туралы ескертеді", - дейді прокурорлар.