Өңірлер

"Мен кетемін": Талдықорған әкімі өзіне қарсы петиция жазуды ұсынды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Талдықорған әкімі Әсет Масабаев Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Қос тарап арасында дау туындап, қала басшысы өзіне қарсы петиция жазуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, әкімнің қабылдауына келген ардагерлер тұрғын үй кезегі, жер кезегі, сауықтыру орталықтарына жолдама алу мен қоғамдық автобустардағы тегін жүру мәселесін көтерді. Тұрғын үй қорынан пәтер немесе жер таратып беруді сұрады. Ал қала әкімі Әсет Масабаев пәтер мен жер тек кезек бойынша берілетінін жеткізді.
"40 пәтер қайта алып жатыр, олар кімге таратылады, "ауғандықтарға" таратылмай ма дейді. Бұл пәтерлер көпбалалы аналарға, жетім балаларға, одан кейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Ашық айтайын, ауғандықтарға жоқ", - деп атап көрсетті Масабаев.
Осы орайда Талдықорған басшысы заңсыз алынған пәтерлер де бар екенін айтты. Көпбалалы отбасы болып тіркелген алаяқтар да жоқ емес. Қазір тексеріс шаралары жүргізіліп жатыр.
10 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлерге берілген пәтерлер тексеріледі. Одан кейін әлеуметтік жағынан осал топтарға таратылған баспананың заңдылығы зерделенеді. Масабаевтың айтуынша, негізгі мақсат – тарысы мен бидайын ажыратып алу.
Кездесу кезінде кейбір мәселелер қызу талқыланды. Сол кезде екі жақ та эмоцияға берілді. Масабаев өзіне қарсы петиция жазуды да ұсынды "Менің жұмысыма қанағаттанбасаңыздар, Масабаев кетсін деп петиция жазыңыздар. Мен кетемін", - деді Масабаев.
Айта кетері, Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев арнайы мониторингтік топ құрып, бұрын таратылған пәтерлерге инвентаризация жасауды тапсырған. Тексеріс кезінде 1 066 пәтерді бергенде заң талаптары бұзылғаны анықталды.
Әкімдік 37 пәтерді мемлекетке қайтарды. Оған иелік еткендердің арасында қазіргі және бұрынғы мемлекеттік қызметшілер бар. Алматы облысының бұрынғы әкімін тасыған көлік жүргізушісіне де қызметтік пәтер заң бұзушылықпен берілген. Ол кілтін өз еркімен келіп тапсырды.