НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жастар үшін есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершліктің бар екенін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, бүгінде жас балалар көп жағдайда есірткі курьерлерінің алдауына түседі. Оларға қылмыстық жауапкершілік жоқ деп сендіреді. Ал полиция ұстаса да, аяп жібере салады. Жылай салсаңдар болды дейді.
"Осы орайда Қылмыстық кодекстің 297-ші бабында есірткіні өткізгені үшін 14 жастан бастап жауапкершіліктің бар екенін еске салғым келеді. Ал есірткіні сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады", - деді Әмірханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін 20-ға жуық жасөспірім жауапқа тартылды. Ал синтетикалық есірткіні таратуға, көбінесе, студенттер тартылды. Қазіргі кезде 18-29 жастағы 3 мың адам есепте тұр.
"Бүгінде көп жағдайда студенттер ұсталып жатады. Олар бір жерде даяшы болып ұзақ уақыт жұмыс істегісі келмейді, бірден көп табыс тауып, шыға саламыз деп ойлайды. Қымбат гаджет, қымбат көлік тезірек алғысы келеді. Бұл қате түсінік, ақыры қылмыс үшін жауапқа тартылып жатады", - деп атап көрсетті Әмірханов.
Айта кетері, жақында Абай облысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сатқан студенттер ұсталды. Олар 15 жылға сотталуы мүмкін.
Өткен жылдың статистикасына сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 1,5 мың студент қылмыстық жауапкершілікке тартылады.