Қоғам

Жыл сайын 1,5 мың студент қылмыстық жауапкершілікке тартылады

© Sputnik / Виталий АньковАрхивное фото мужчины, находящегося в состоянии стресса
Архивное фото мужчины, находящегося в состоянии стресса - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.12.2021
Жазылу
Оқу орындары діни-экстремистік идеологияға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі жағынан артта қалып отыр, деді депутат Күрішбаев
НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев университтердегі тәрбие жұмысын сынап, оны сапалы деңгейге көтеру үшін шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Күрішбаев вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас есірткі қолданғаны үшін есепке алынды. Олардың ішінде университеттерде оқитындар аз емес", – деді сенатор.
Айтуынша, қазір университет басшылары студенттерге "тәрбиеленуші тұлға" ретінде емес, университетке "қаржы түсірудің көзі" деп қарайды.
"Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орнында кадр даярлау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті, университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда", – деп қапаланды депутат.
Оның сөзінше, көптеген оқу орнында тәрбиелеу үдерісі есеп беру үшін ұйымдастырылатын имидждік шаралар деңгейінде қалып отыр. Кураторларға  қосымша ақы аз төленетіндіктен, педагогтердің жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Оқу орындарында психологтар жетіспейді, кәсіби теолог мамандар жоқ.
"Ашығын айтқанда, біздің оқу орындары діни-экстремистік идеологияға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі бойынша артта қалып отыр. Мысалы, қазір студенттер арасында әскери кафедралардың курсанты болуға сұраныс көп. Сол себепті жастарды отансүйгіштікке баулуда әскери кафедралардың рөлін арттыру қажет. Бұл ретте әскери кафедраларға студенттерді қабылдау квотасын көбейткен дұрыс болар еді", - деп санайды Күрішбаев.
Бұған қоса, жастарды жаппай спортқа бейімдеу де өте маңызды. Алайда, сенатордың айтуынша, университеттердің көпшілігінде спорттық база жетіспейді. Ал қалалық спорт кешендерін студенттердің қалтасы көтермейді.
"Мемлекет ақшасына салынған көптеген спорт сарайы көбіне бос тұрады. Қарапайым сөзбен айтқанда, ол көрме үшін салынған сияқты", - дейді сенатор.
Депутаттың пікірінше, білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктері әкімдіктермен бірігіп, жастарды жаппай спортқа тартудың кешенді жобасын әзірлеп, спорттық кешендерді қолжетімді етуі керек.
Сонымен қатар Күрішбаев жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және оны қоғамдағы қазіргі заманғы үрдістер мен даму басымдықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.
Жаңалықтар
0