НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында екі көлдегі балықтың қырылу себебі анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еске сала кетейік, шілде айының соңында Жамбыл ауданындағы Соленое көлінде 400 килограмм балық (пелядь, тұқы, мөңке) қырылды. Дәл осы уақытта сол аудандағы Табунное көлінде де балық қырылды. Мамандар зертханалық талдау жүргізу үшін су сынамасын, сондай-ақ балықтардың өлексесін алды.
Сейсенбі күні облыстық экология департаменті балықтың қырылу себебін атады.
"Жамбыл ауданының Табунное көлі мен Соленое көлінде балықтың қырылу фактісі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша мынандай шешім қабылданды. Табунное көліндегі балықтың жартылай қырылуына қоршаған ортаның жоғары температурасы және су қоймасының қатты ысуы себеп болды. Ал Соленое көлінде балық өсімдіктердің шіру процесінен және суда күкіртті сутегінің болуына байланысты қырылған", - деп хабарлады ведомство мамандары.
Балық шаруашылығы су айдындарын жалға алушыларға суаттардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу, су қоймасының гидрохимиялық режимін жақсарту үшін артық өсімдіктерді кесу және аэрациялау бойынша мелиорациялық жұмыстарды жүргізу ұсынылды.
Еске сала кетейік, биыл көктемде өңірдегі жеті су қоймасында балық қырылып, 800 килограмм өлі балық жиналды. Ол кезде балықтың қырылуына су қоймаларының жартылай қатуы себеп болды.