НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған екі мыңнан астам қарудың әлі табылмағанын мәлімдеді, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде ұрланған қару-жарақ біртіндеп табылып жатыр. Мәселен, жақында Алматыда бірнеше қару-жарақ қоймасы анықталды. Ал Жамбыл облысында қараусыз қалған үйден 12 калибрлі мылтық, сондай-ақ полиция департаментінен ұрланған бронды кеудеше және әртүрлі калибрлі патрондар шықты. Дегенмен әлі де мыңдаған қару табылған жоқ.
"Қазіргі таңда ұрланған 2087 қару анықталмаған күйінде қалып отыр", - деді Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, табылмаған қарудың ішінде 1285 азаматтық, 645 табельдік, 157 травматикалық, газ және сигналдық тапанша бар.
Айта кетері, қаңтар оқиғасы кезінде 3 мыңға жуық азаматтық және қызметтік қару ұрланған болатын. Осы уақытқа дейін 873 қару (480 табельдік және 387 азаматтық) табылды.