ТАЛДЫҚОРҒАН, 23 тамыз – Sputnik. Алматы облысында Lada жүргізушісі мен Yutong автобусы соқтығысты. Жол апатынан 33 жастағы ер адам көз жұмды.
Трагедия сейсенбі күні таңғы уақытта Жамбыл ауданында болды.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Алматы-Бішкек тасжолының 92-ші шақырымында Lada жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автобус келе жатқан қарсы жолға шығып кеткен.
"Жол апатынан Lada жүргізушісі көз жұмды. Автобус жүргізушісі түрлі жарақатпен Ұзынағаш ауылының ауруханасына жатқызылды. Жол апаты фактісі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (Жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.