НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы азаматтарының Ресейдің Ульянов облысында жол апатынан қаза табуына байланысты президент Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына көңіл айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жеделхатта қайтыс болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Еске салсақ, 21 тамыз күндіз Ульяновск облысы Николаевский ауданында "Урал" М5 тас жолында жантүршігерлік апат болды. Жүк көлігінің жүргізушісі тежегішті басып үлгермей, жөнделіп жатқан учаскеде реверстік қозғалыста кезегін күтіп тұрған микроавтобусқа соғылған. Автобус екі жүк көлігінің арасына қысылып қалды. Салдарынан 16 адам – он төрт қырғызстандық пен екі ресейлік қаза тапты.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров республика азаматтарының мәйітін елге жеткізу үшін арнайы борт ұйымдастыруды тапсырды.
Бастапқыда Ульяновск түбіндегі жол апатынан Қазақстан азаматтары көз жұмды деген ақпарат тараған еді. Алайда елдің сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды.