НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Павлодар облысының әкімі өзінің орынбасары Айзада Құрманованың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамады, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Айзада Құрманова білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты сынды әлеуметтік салаларға жетекшілік етеді және халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді.
Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары қарамағындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін отставкаға кетуге өтініш білдірді.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов отставкаға кету туралы өтінішті қабылдамады.
"Дегенмен Айзада Құрманова қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған облыс әкімдігі таратқан баспасөз хабарламасында.
Sputnik Қазақстан хабарлағандай, 19 шілдеде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының бұрынғы басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты.
Сондай-ақ шенеунік мемлекеттік қызметте және басқа да мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады.
Оның асырауында екі кішкентай баласы бар болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі бес жылға шегерілді.
Экс-шенеунік қала мектептерінің біріне Бөкейханның бюстін дайындау туралы келісімшарт жасасып, орындалған жұмысты кедергісіз қабылдау үшін астаналық мүсіншіден 1 миллион теңге пара талап еткен.