НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Ақтау қаласында "Апельсин" сұлулық салоны ашылды. Оның басты ерекшелігі сол, шеберлердің бәрі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар, деп хабарлайды жергілікті Inaktau.kz порталы.
Қазіргі кезде салонда көзі көрмейтін 10 адам және есту қабілеті бұзылған 5 шебер жұмыс істейді. Ерекше кәсіпті ашқан Құралай Байғалиева жаңа жобасын облыстық әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту басқармасының тапсырысы аясында іске асырды.
Құралай кәсіби шаштараз, стиль шебері, осы салада 33 жылдық тәжірибесі бар. 2019 жылдан бері сөйлеу, есту және көру қабілеті бұзылған адамдарды сәнді шаш үлгілеріне үйретіп келеді.
Оның айтуынша, бас кезінде қиын болған. Бірақ артынан осы санаттағы адамдардың мүмкіндігі шектеулі емес екенін түсінді.
"Әрине, қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың басқа мамандармен бірдей сапалы қызмет көрсете алатынына көзім жетті. Биыл облыстық әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту басқармасының тапсырысы аясында осы жобаны бастадық. Алдымен қысқа мерзімді курс ұйымдастырдық. Одан кейін жаңа салон ашып, курсты сәтті аяқтаған шәкірттерімді жұмысқа алдым", - дейді Байғалиева.
"Апельсин" сұлулық салонына Ақ Ақтау әкімі Нұрдәулет Қилыбай ерекше салонға бірінші болып келді. Қала басшысына шебердің жұмысы ұнады. Қилыбай жаңа кәсіпке сәттілік тіледі.
"Сұлулықты жасау оңай жұмыс емес. Ал оны ұстап тұру одан да ауыр. Салон командасына сәттілік тілеймін! Шеберлердің шығармашылық жетістіктері көп болсын", - деп атап көрсетті Қилыбай.