Әлем

Жалған полиция бөлімшесін ашқан алаяқтар халықты бірнеше ай бойы алдаған

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Үндістанның Бихар штатында адам сенбейтін алаяқтық әшкереленді. Жалған полиция бөлімшесін ашқан алаяқтар халықты 8 ай бойы алдаған, ал жарты шақырым шалғай жерде полиция учаскесі тұрған, деп хабарлайды The Guardian басылымы.
Алаяқтар күнде тәртіп сақшыларының формасын киіп алып, "жұмысқа" барып жүрген. Сол жерде жергілікті халықты алдап отырған. Біреуге өздері жұмыс істейтін полиция учаскесінен қызмет ұсынса, басқаларға әлеуметтік баспана мәселесін шешіп беруге уәде еткен.
Қылмыс аяқ астынан ашылды. Жақын жерде кезекшілік атқарып жүрген ішкі істер органдарының қызметкері жалған полицейлерді байқап қалған. Содан бірден өз әріптестеріне хабар берген.
Ресми мәліметке сәйкес, алаяқтық жасады деген күдікпен алты адам ұсталды. Алайда қылмыстық топтың басшысы қашып кетті.
Үндістанда полицейлер мен солдаттардың атынан халықты алдау әрекеттері жиі кездеседі. Себебі адамдар формада жүрген қызметкерлерден қорқады, олардың айтқанына имандай сенеді.