Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда ArtSport бағдарламасына қомақты қаржы бөлінді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Елорда мәслихаты ArtSport бағдарламасына 3 миллиард теңге бөлу мәселесін қолдады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Осы қаражаттан қыркүйек айына дейін іске қосылған ваучерлер де өтеледі. Жылдың басында қолданыстағы ваучерлерді қамтамасыз ету үшін 6,4 миллиард теңге бөлінген болатын.
Ресми мәліметке сәйкес, қалада платформа арқылы балаларға берілген ваучерлердің жалпы саны – 85 561, соның ішінде 61 639 ваучер іске қосылған.
"Қазір елордада мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 25 спорт түрі бойынша 581 спорт секциясы, сондай-ақ 45 бағыт бойынша 1034 шығармашылық үйірме жұмыс істейді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, Алматыда ArtSport бағдарламасын тоқтатуға шешім қабылданған болатын. Осы қалада бөлек жоба іске қосылады.
ArtSport бағдарламасының төңірегінде дау болған. Тегін секциялар мен үйірмелерге арналған бюджет қаржысы балаларға жетпей қалған.
Осыдан кейін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бағдарламаға өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта бағдарлама платформасын ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау жүргізілуде. Себебі бүгінде баланың аты-жөні тіркеліп тұрса да, өзі секцияға қатыспай жүреді.
"Қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі: балалар спортпен немесе шығармашылықпен айналысатын үй-жайлар нормаларға сәйкес келуі тиіс. Бұл санитарлық жағдай, өртке қарсы қауіпсіздік, бейнебақылау, спорттық және басқа да керек-жарақтармен жабдықтау. Спорт түріне байланысты жаттығуды бастау үшін балалардың ең төменгі жасы бекітіледі", – деген еді Дәурен Абаев.
Спорт
Балаларды үйірме мен секцияға қабылдау тәртібі өзгереді