Өңірлер

Үкімет басшысы Ертіс үстімен автокөпір салуға қаражат қарастыруды тапсырды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министр Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.
Үкімет басшысы Павлодар облысы тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласы бойынша белсенді түрде дамып келе жатқан еліміздің аса маңызды индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті.
2022 жылы облысты дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
"Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың мақсатына сай пайдаланылуын және тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Кеңесті қорытындылай келе, премьер-министр индустрия және инфрақұрылымдық даму, қаржы, ұлттық экономика министрліктеріне облыс әкімдігімен бірлесіп Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салуға, "Ленин – Ертіс – Русская поляна" және "1-МАЭС – Басқамыс –Разумовка" жолдарын реконструкциялауға, сумен жабдықтау объектілерін салуға және жылумен жабдықтау желілерін жаңартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.