НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қызылорда облысында Lada Granta маркалы көлік жолға шығып кеткен сиырға соғылды. Оқиға болған жерде бір жолаушы қайтыс болды, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz7
Ресми мәліметке сәйкес, 16 тамызда сағат 21:15-тің шамасында "Шымкент-Самара" тас жолының бойында Lada Granta автокөлігі иесіз жүрген сиырға соғылды. Жол апаты Қармақшы ауданындағы Ақтөбе елді мекеніне жақын жерде болған.
"Жол апаты салдарынан бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Одан бөлек, бір азаматша және оның екі кәмелетке толмаған балалары дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілсе, көлік жүргізуші алған дене жарақаттарынан жансақтау бөліміне жатқызылды", - дейді полицейлер.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Мал иесі іздестіріліп жатыр.