НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында алматылық алаяққа алданған әйел бір миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция басқармасына арызданған әйел танысына алданғанын айтты. 2020 жылы желтоқсан айында қызын жоғары оқу орнына грантқа түсіріп беруге уәде еткен.
Сол үшін 1 миллион теңге сұрады. Жәбірленуші оған сеніп, ақшасын бере салды. Бірақ екі жылдан бері грантты да, танысын да көрмеді.
Полицейлер Алматы қаласының тұрғынын анықтады. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті Шардараға қыдырып барған. Сол кезде таныс әйелді алдап кетті. Ал ақшасы өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі кезде алаяқ келіншектің осы іспеттес басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу шаралары басталды. Айта кетері, осы қылмыс үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 180 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.