Алматыда Artsport бағдарламасы жабылады – Досаев

1 қыркүйектен бастап Artsport бағдарламасы бойынша спорт секцияларын бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жаңа оқу жылынан бастап Artsport бағдарламасының тоқтатылатынын растады. Бюджетте оған қаржы жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде әкімдікке Artsport-қа қатысты сұрақтар көп түседі. Қаржыны бөлу төңірегінде дау-дамай да жоқ емес. Бүгін Наурызбай ауданының халқымен кездескен қала әкімі бағдарламаның жабылатынын жеткізді.
"Біз кәсіпкерлерге 1 қыркүйектен бастап қаржыландырудың тоқтатылатынын алдын ала ескерттік. Жергілікті бюджетте осы саладағы қызметтерді төлеуге ақша жоқ. Біз ата-аналар мен қызмет көрсетушілермен әділ болдық. Алдымен қаржыландыру мәселесін шешіп алу керек. Бюджетте қажетті қаражат қарастырылмаған", - деді Досаев.
Қала басшысы Artsport сияқты бағдарламалардың қажет екенін жеткізді. Бүгінде оған ұқсас қаланың жеке жобасын әзірлеуге тапсырма берілді.
"Иә, бұл маңызды және қалаға қажет бағдарлама. Сол себепті мен әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға арналған спорттық секциялар бойынша қалалық бағдарламаны әзірлеуге тапсырма берді. Өз орынбасарым Арман Қырықбаевқа тапсырма берді. Ол бағдарлама тек әлеуметтік осал топтарға ғана арналады", - деп атап көрсетті әкім.
Айта кетері, ArtSport бағдарламасының төңірегінде дау болған. Тегін секциялар мен үйірмелерге арналған бюджет қаржысы балаларға жетпей қалған.
Осыдан кейін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бағдарламаға өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.