Қазақстандағы адам өлімінің негізгі себептері жарияланды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Биыл Қазақстанда алты айдың ішінде 69,2 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6 процентке төмен, деп хабарлады Ranking порталы.
Өңірлер арасында ең көп өлім-жітім Алматы облысында тіркелді. Ол жақта жарты жылдың ішінде 7,4 мың адам көз жұмған. Одан кейін Шығыс Қазақстан (7,2 мың адам) мен Қарағанды облысы (7,1 мың адам) тұр. Ал ең аз өлім-жітім Маңғыстауда – мұнда 1,5 мың адам көз жұмған.
Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда астанадан басқа барлық өңірде адам өлімі азайып отыр.
Ал Қазақстандағы адам өліміне көбінесе қан айналымы аурулары себеп болған. Одан 15,6 мың адам көз жұмды. Былтыр бұл көрсеткіш 15,7 процентке жоғары еді. Екінші орында – өскіндер, ал үшінші орында – тыныс алу органдарының аурулары. Одан барлығы 13,7 мың адам қайтыс болды. Бұдан бөлек, қайғылы жағдайлар, улану, сан алуан жарақаттар мен ас қорыту органдарының аурулары өлімге себеп болып жатады.
Биыл Қазақстан әлем бойынша адам өлімі рейтингісінде 229 елдің ішінде 85-ші орыннан көрінді.
Қайтыс болғандардың санын 1 000 адамға шаққанда өлім коэффиценті шығады. Қазақстанның коэффиценті 8,11 болды.