Қоғам

Министрлік аймақтарда жаңа қызметтің енгізілігенін мәлімдеді

Аймақтық уәкілдерді іріктеудің негізгі талаптары да бекітілген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымының енгізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Енді әр аймақтың өз өкілі болады, олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, уәкілдер балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын әзірлеуге де атсалысады.
"Бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі", - дейді министрлік мамандары.
Үкіметтің қаулысына сәйкес, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тағайындайды.
Аймақтық уәкілдерді іріктеудің негізгі талаптары да бекітілген. Оны тағайындағанда балалармен жұмыс істеу тәжірибесі, қоғамдық қызметі мен балалардың құқықтарын қорғау саласына қосқан үлесі ескеріледі. Барлығы қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Осы уақытқа дейін жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар.