Маңғыстау облысының әкімі президентке ауыз су мәселесін қалай шешкенін айтты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әкімін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Нұрлан Ноғаев жыл басынан бері атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп, аймақтың негізгі мәселелерін жеткізді. Әкімнің айтуынша, өңірдегі өзекті мәселенің бірі – су қоры, соның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, "Астрахан – Маңғышлақ" су құбыры арқылы келетін және басқа да су тұщыту қорларынан алынатын су мөлшері мамыр айынан бастап қыркүйектің соңына дейінгі аралықта тұтынушылардың қажеттілігін толық өтей алмай келген.
"Қазір "Қаражанбас" кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын қондырғылар іске қосылып, осы бағыттағы бірқатар мәселенің шешімі табылған. Ақтау қаласындағы су тұщыту зауытында жыл соңына дейін 20 мың текше метр суды тазартатын қондырғы іске қосылуы керек болса, соның 5 мың текше метрі қазірдің өзінде тұщытылып беріліп жатыр", - дейді Ноғаев.
Алдағы уақытта жеке инвестициялар есебінен таза су көлемі тағы артады. Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, биыл өңірде қуаңшылық жоқ. Жауын-шанын молынан түскен. Соның арқасында жем-шөп дайындау жағынан ешқандай қиындық болмайды. Ноғаев Маңғыстауда отандық және шетелдік туристер санының артқанын да жеткізді.
Президент облыстағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді тапсырды.