Нұр-Сұлтан маңындағы ауылда белгісіз зат жарылып, ер адам көз жұмды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Елорда іргесіндегі ауылдың 41 жастағы тұрғыны белгісіз заттың жарылуы салдарынан көз жұмды. Тағы екі адам зардап шекті: марқұмның бауыры мен оның төрт жасар ұлы ауруханада жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға жексенбі, 14 тамыз күні Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Тайтөбе ауылында болды.
Тайтөбедегі жарылыс
"Жеке тұрғын үйдің аумағында әкелінген көмірді сұрыптау кезінде белгісіз зат жарылған. Оқиға салдарынан 1981 жылы туған үй иесі оқиға орнында қайтыс болды. Сондай-ақ үй иесінің 1977 жылы туған ағасы және оның төрт жастағы ұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы 2 ауруханаға түйрелген-кесілген жарақатпен ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады облыстың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
"Бұған дейін БАҚ-та газ-ауа қоспасы жарылғаны туралы ақпарат тараған. Бұл алдын ала ақпарат болды, кейін расталмады", - деп толықтырды ведомстводағылар.