КӨКШЕТАУ, 14 тамыз – Sputnik. Көкшетаудың екі тұрғыны Kaspi.kz мобильді қосымшасында жалған чек жасап, төрт ай бойы дүкенде сауда жасаған.
Осы іс-әрекеттің салдарынан олар кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астам (6,3 мың доллар) шығын келтірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Көкшетау қаласының 31 және 24 жастағы тұрғындары өткен жылдың тамыз-қараша айлары аралығында Красный Яр ауылындағы азық-түлік дүкендерінің бірінің сатушысын алдап, ақшасыз тауар сатып алған.
"Алаяқтар Kaspi.kz қосымшасы арқылы ақша аударған кезде дүкен сатушылар тек түбіртекті тексеретініне және ақша аударымын растамай-ақ азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларын сататынына назар аударған. Осылайша, сатып алушылар тауарды таңдап, бағасын анықтағаннан кейін кассада сатушыны алдаған. Алаяқтар смартфондағы қосымшаны пайдаланып, ақша алушының аты-жөнін және қаражат сомасын түзету арқылы жалған түбіртек көрсеткен", - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Келтірілген шығын көлемі 3 миллион 62 мың теңгені құрады.
Қалалық соттың үкімімен олар Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен (Алаяқтық) кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.