Өңірлер

Алматыда мас күйінде рөлге отырған автобус жүргізушісі ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Алматыда автобус жүргізушісі есірткіге мас күйінде жолаушыларды тасымалдаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
118-ші бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі полиция назарына ілікті.
Оны Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің қызметкерлері тоқтатты.
"Жүргізушінің әрекеті күдік туғызды. Оны медициналық тексеруден өткізу үшін ертіп барды, сараптама қорытындысы бойынша нарколог-дәрігерлер оның есірткіге мас болғанын анықтады. Жүргізуші бірден қоғамдық көлікті басқарудан шеттетілді", - делінген ақпаратта.
Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адам 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сонымен қатар 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Қоғамдық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.