Шаруаларға арналған арзан дизелді сатып жіберген: тергеу басталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында шаруаларға арналған мыңдаған тонна арзан дизель отыны қымбат бағамен сатылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысындағы департаменті прокурорлармен бірлесіп, жедел-іздестіру шараларын өткізген. Сол кезде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арзандатылған дизель отынын жеткізумен айналысатын операторлардың заңсыз әрекеті анықталды.
"Мәселен, 2020-2021 жылдары жалпы көлемі 12,5 мың тоннадан астам төмендетілген бағамен дизель отынын алған ЖШС ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бар болғаны 10,3 мың тоннасын жеткізген. Ал қалған 2,2 мың тонна көлемінде дизель отынын серіктестікке тиесілі жанар-жағармай құю станциялары желісі арқылы сатып, 74,4 миллион теңге көлемінде қосымша кіріс тапқан", - дейді агенттік мамандары.
Осылайша жеке меншік фирма шаруаларға арналған арзан дизель отынын ұрлап, жоғары бағамен сатып жіберген. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Агенттік мұнай өнімдерін заңсыз экспорттау мен алыпсатарлыққа тосқауыл қою жұмыстары жалғасатынын хабарлады.