Автобуста бұрынғы әйелін пышақтаған ер адам екі айға қамалды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Алматыда бұрынғы әйелін автобус салонында пышақтаған ер адамды екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Күдіктіні қамауға алу санкциясы бүгін, 10 тамызда берілді.
Тергеу органдары оны екі айға қамауға алуға өтініш жасаған. Қаланың тергеу соты өтінішті қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетері, 5 тамызда Алматыда ер адам автобуста бұрынғы әйеліне пышақпен тап берді. Ол әйелді 4 күн бойы аңдыған. Алайда ол жұмысынан басқа есік арқылы шығып, қашып жүрген. Сол күні ер адам әйелді алдап, автобусқа бірге мінген. Абырой болғанда, пышақпен қаруланған ер адамды жолаушылар ұстап, әйелді аман алып қалды. Куәгерлердің айтуынша, күдікті 2 жыл бұрын ажырасқан бұрынғы әйелін өлтірмек болыпты. Ал бұрынырақ қаскөй 2 баланың анасын уламақ болған. Бұдан бөлек үстіңе қышқыл құйып жіберемін деп қорқытқан екен.
Басбұзар Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-бөлігі (Атыс қаруын, газды қаруды, пышақты, кастетті және басқа да қырлы қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген өзге де заттарды қолданып немесе қолдануға оқталумен жасалған бұзақылық) бойынша жауапқа тартылып отыр. Ол үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.