НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Шымкентте елуден астам көлікті заңсыз есепке қойған қылмыстық схеманың жолы кесілді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері арнайы операцияның нәтижесінде заңсыз тіркелген көліктердің көршілес елдерден кедендік төлемдерді, утиль алымдарын және мемлекеттік баждарды төлемей әкелінгенін анықтады.
"Шымкентте осы схеманы қолданып, 53 көлікті заңсыз тіркеуден мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келген", - деп толықтырды облыс полицейлері.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық топтың құрамында процессинг орталығының қызметкерлеріне жақын делдалдар, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы "көмекшілер" мен жалған сенімхатқа қол қойған нотариустар болған.
Қалалық полиция департаменті процессинг орталығының екі қызметкері сот шешімімен қамауға алынды, қылмыстық схемаға басқа қатысушылардың рөлі мен орны тергеу барысында анықталады.