НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Сәрсенбі күні Қырғызстанның Ыстықкөл облысында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің арнайы жасақтары "Кобальт-2022" тактикалық оқу-жаттығуын бастады.
ҰҚШҰ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰҚШҰ мемлекеттерінің арнайы жасақтары бандалар мен лаңкестік топтарды іздеу, оқшаулау және бейтараптандыру бойынша оқу-жаттығу өткізіп, қолданбалы жедел-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.
Сонымен қатар оқу-жаттығу барысында олар есірткі арналарын жабады, есірткі заттарын сақтау мен өндіруге және оларды жоюға арналған қоймаларды, зертханаларды табады.
Ал төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері лаңкестікке қарсы операция кезінде туындаған зардаптарды жою міндеттерін пысықтайды.
Арнайы операцияларды жоспарлау, әркелкі күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру бойынша командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр.
"Кобальт – 2022" оқу-жаттығуы 5 тамызға дейін жалғасады.