НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik. Бүгіннен бастап астанадағы көлік көп жүретін көшелердің бірінде жол қозғалысы жабылды. Соның салдарынан тағы кептеліс басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін әкімідік 2-8 тамыз аралығында Мәңгілік Ел даңғылының бойында Достық көшесінен Сарайшық көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс толығымен жабылатыны туралы хабар таратқан.
Бүгін таңата көлік жүргізушілерінің көбісі Қабанбай батыр даңғылымен немесе Түркістан көшесімен жұмысқа жетуге тырысып жатыр. Мәңгілік елдің бойында Достық көшесіне дейін көлік аз.
Дегенмен, Достық көшесіне бұрылатын жерде кептеліс басталады. Ал Түркістан көшесімен қиылысатын жерінде ине шаншар жер жоқ. Екі жақтан да біраз көлік жиналып қалған. Қиылыста патрульдік полицейлер жол қозғалысын реттеп тұр. Алайда көліктер тым баяу өтіп жатыр.
Қала әкімдігі болса, кептеліске тап болмау үшін жол қозғалысын алдын ала жоспарлауға кеңес беріп отыр.
"Елорда тұрғындары мен қонақтары қала жолдарында кептеліс тудырмау үшін қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жөндеу жұмыстарын жүргізуге түсіністікпен қарауды сұраймыз", - дейді әкімдік мамандары.
Айта кетері, бұған дейін Мәңгілік ел даңғылының Керей, Жәнібек хандар көшесінен Достыққа дейінгі учаскесі 9 күнге жабылған болатын.