НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Қазақстан автокөлікпен көмір әкетуге жарты жылға тыйым салуды жоспарлап отыр. "Ашық НҚА" порталында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұйрығының тиісті жобасы жарияланды.
"Қазақстан Республикасының аумағынан тас көмір; тас көмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлерін алты ай мерзімге автокөлікпен әкетуге тыйым салынсын", - делінген құжатта.
Индустрия министрлігі түсіндіргендей, былтыр қыркүйекте күннің ерте суытуына байланысты елдің орталық және солтүстік өңірлерінде көмірге сұраныс күрт өсті. Кейбір алыпсатарлар осы жағдайды пайдаланып, көмірді тым қымбатқа сатқан, яғни өздері бір тоннасын 13 мың теңгеден сатып алып, халыққа 30 мың теңгеден сатқан.
Сондай-ақ 2021 жылы 123 мың тонна қазақстандық көмір Қырғызстанға әкетілді.
"Халық арасында дүрлігуге жол бермеу үшін және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сұраныс көп кезеңде, яғни 2022 жылғы 1 тамыздан бастап 6 айға көмірді автомобильмен әкетуге тыйым салуды орынды деп санайды", - деп түсіндірді ведомство.
Қазақстанда көмір тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн тонна, халыққа – 7 млн тонна.