Петропавлда "энергетик-алаяқтар" халықты алдап жүр

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Петропавл қаласында алаяқтар көпқабатты үйлерді аралап, "апатты шұғыл жоюға" ақша жинап жүр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Севказэнерго" АҚ-сының мәліметіне сәйкес, соңғы кезде қала тұрғындары тарапынан арыз-шағым көбейген. Барлығы "Солтүстік Қазақстан ЭТК" АҚ-сына қоңырау шалып, алаяқтарға алданғанын айтып жатыр.
"Олар көпқабатты үйлерді аралап, өздерін компания қызметкерлері деп таныстырады. Сосын апат болды дейді. Оны шұғыл жою керек. Осы қызметі үшін ақша сұрайды. 6-10 мың теңгеден жинайды. Төлем түбіртегін де бермейді", - дейді компания мамандары.
Ресми мәліметке сәйкес, қалада кем дегенде төрт адам алаяқтарға алданған. Осы орайда "Солтүстік Қазақстан ЭТК" АҚ-сы халықты сақ болуға үндеді.
Себебі энергия таратушы компанияның қызметкерлері ақаулық болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жасамайды. Олар арнайы бланкіде ұйғарымның екі нұсқасын шығарып, біреуі тұтынушыларға беріп кетеді.
"Егер біреу "Солтүстік Қазақстан ЭТК" АҚ-сының шеберімін деп, есігіңізде қақса, одан арнайы куәлікті көрсетуді талап етіңіз. Ресми құжатта маман туралы барлық деректер жазылуы шарт. Сосын шеберден құрылым басшысының телефонын алуға болады. Ол маманның не үшін келгенін айтып, басқа да сұрақтарға жауып беруі тиіс", - деп атап көрсетті энергетиктер.