Қоғам

Әскерде қаза тапқан Әлібек Қалбайға қатысты тергеу аяқталды

Президент 18 жастағы сарбаздың қазасына қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Әскерде қаза тапқан маңғыстаулық Әлібек Қалбайға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Астана тв әскери прокуратураның ресми өкіліне сілтеме жасап.
Онымен әскерде борышын бірге өтеген сарбаз күдікті ретінде қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материал толығымен жиналды дейді.

"Қатардағы жауынгер Қалбайдың қайтыс болуы бойынша, қылмыстық істің аяқталғанын, яғни мұнда қазіргі жағдайда тараптар істің құжаттарымен танысуда. Содан кейін істі сотқа жіберетін боламыз. Күдікті ретінде әскерде онымен бірге жүрген Аманжолов өтіп жатыр. Қазір ол соттың санкциясымен қамауда отыр. Істің материалдарымен танысып жатыр", - деді Бас әскери прокуратураның аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет.

Бұған дейін, Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан маңғыстаулық сарбаздың туыстары "қылмыс толық ашылмады" деп наразылық білдірген болатын. Дегенмен, әскери прокуратура Әлібек Қалбайдың өлімінен соң әскердегі жағдайды жіті назарға алғанын жеткізді.
Еске сала кетсек, президент 18 жастағы сарбаздың қазасына қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
Маңғыстаулық сарбаз 23 сәуірде Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында көз жұмған болатын.
Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.
Жамбылда қаза болған сарбаздың туыстары командирлерді қатаң жазалауды талап етті