НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның басшысы Тедрос Адханом Гебрейсус маймыл шешегінің өршуі әлем бойынша денсаулық саласын төтенше жағдайға әкеліп соқтырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, әлем бойынша 16 мың адам маймыл шешегін жұқтырғаны анықталды. Әсіресе, Еуропа аймағында індеттің таралу қаупі жоғары.
Бұған дейін Reuters сенімді ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары маймыл шешегіне қатысты бір шешімге келмегенін хабарлады. Мамандардың бір тобы әлемдік ауқымдағы төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ деп шықты. Алайда ұйым басшысы маймыл шешегінің халықаралық деңгейде қауіп төндіріп тұрғанына сенімді.
23 шілде күні Женева қаласында ДДСҰ төтенше комитетінің екінші отырысы өтті. Соның қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Тедрос Адханом Гебрейсус мәлімдеме жасады.
"Мен маймыл шешегінің жаһандық деңгейде өршуі қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп санаймын", - деді Гербейсус.
Ұйым басшысы комитет мүшелерінің осы мәселе бойынша бір келісімге келмегенін де ашық айтты. 9 сарапшы қарсы болса, жетеуі қолдау білдірді.
Айта кетері, ДДСҰ халықаралық масштабтағы төтенше жағдайды 2020 жылы коронавирустың таралуына байланысты жариялаған болатын.