Өңірлер

Есікте атыс болып, екі адам ауруханаға түсті

Тұрғындар бір сағат бойы полицияға хабарласа алмаған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Алматы облысындағы Есік қаласында атыс болды. Жергілікті тұрғындар полицияның жұмысына шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Урицкого көшесінің тұрғындары сөйлеп тұр. Олардың айтуынша, кеше түнгі сағат 22:40 шамасында атыс болып, екі адамды ауруханаға алып кеткен.
"Біз атысты естіп, көшеге шықтық. Сосын 102-ге қоңырау шалдық. Бір сағаттай ешкім көтермеді. Гудок барып тұр. Содан кейін жолда өтіп бара жатқан полиция қызметкерлерін тоқтатып, соларға айттық. Содан кейін ғана полиция оқиға орнына келді. Өз уақытында ешкім жұмыс істемейді. Мына жерде атысып, елді қырып кетсе де, біздің полиция жұмыс істемейді", - дейді тұрғындар.
Видеода атыс болған жерді де көрсеткен. Тергеушілер тексеріс жүргізіп жатыр.
Алматы облыстық полиция департаменті екі адамның жарақат алғанын растады. Біреуі 18-де, екіншісі – 30 жаста.
"Есік қаласындағы көшелердің бірінде атыс болғаны туралы хабарлама түсті. Тексеріс кезінде ақпарат расталды. Қаланың екі тұрғыны оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қазір полицейлер күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел іздестіру шараларына кірісті", - дейді департамент мамандары.
Департамент басшылығы тергеуді жеке бақылауына алды. Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.