НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде - Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлердің өтінішін ескере отырып, білім беру гранттары конкурсына өтінім қабылдау мерзімін 2 күнге ұзартты. 22 шілдеге дейін қабылданады.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына шекті деңгейден өткен 103 мың талапкердің 80 мыңнан астамы өтініш берген.
Былтыр 88 мың талапкер шекті деңгейден өтті, алайда гранттар конкурсына барлығы 77 мың адам қатысты. Осы көрсеткішті ескере отырып, биыл 92 мың өтініш қабылданады деп болжанып отыр.
Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу және құжаттарды тапсыру үшін талапкерлердің жеке куәлігі, ҰБТ сертификаты, орта білім туралы аттестат (ТжКБ ұйымдарының түлектеріне арналған диплом) және жеңілдік санаты бойынша конкурсқа қатысу үшін басқа да растайтын құжаттар болуы қажет.
Медициналық анықтама тамыз айында басталатын университетке қабылдау кезінде ғана қажет.