Астанада жаңа штамға кімдер жиі шалдығады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов коронавирустың жаңа штамына жиі шалдығатындарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиологиялық жағдай жағынан "сары" аймаққа жақындады. Қалада күн сайын 600-ге жуық науқас тіркеледі. Олардың басым бөлігі "стелс-омикрон" штамын жұқтырған.
"Биылғы коронавирустың басты ерекшелігі сол, науқастар бұрынғыдай өкпені жасанды желдету аппараттарына мұқтаж емес, яғни, ондай пациенттер аз. Дегенмен басқа белгілерінің бәрі бар. Ол – тамақтың жыбырлауы, жоғары температура, бастың ауруы және тағы басқа", - деді Мұратов бүгінгі онлайн брифингте.
Қаланың бас дәрігері ауыр жағдайға түскен пациенттердің бар екенін де айтты. Олардың көбісі – жүкті әйелдер, мектеп жасына дейінгі балалар және созылмалы ауруы бар адамдар.
"Балалар арасында коронавирустың жұқтыру көрсеткішінің өсуі тығыз қарым-қатынастан ғана емес, вакцина салмауынан да болып отыр. Оларда жасанды иммунитет жоқ, мүлдем қорғаныс жоқ. Содан инфекцияны тез жұқтырады", – деп атап көрсетті Мұратов.
Ресми мәліметке сәйкес, инфекциялық стационарларда 260 науқас жатыр. 17 адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың ішінде 2 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ауруханаға түскендердің 60 проценті коронавирусқа қарсы екпе алмаған.
Айта кетері, эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың жаңа матрицасы бойынша алдымен ауруханадағы науқастандың саны ескеріледі. Қазіргі кезде астанадағы стационалар 41 процентке толып кеткен.