Гренобльде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Алдағы уақытта өңірдегі университеттерде қазақстандық студенттердің санын арттыруға, мәдени-спорттық алмасуларға да басымдық беріледі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Францияның Оверн-Рон-Альпі өңірінде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Құрметті консул қызметіне "Louis Vicat" қорының басшысы Софи Сидос тағайындалды. Ол жергілікті кәсіпкерлер қауымдастығына да жетекшілік етеді.
Құрметті консул қызметіне "Louis Vicat" қорының басшысы Софи Сидос тағайындалды
Айта кетері, құрметті консулдықты басқаратын адам сол елдің мемлекеттік қызметінде тұрмайды, штаттан тыс жұмыс істейді. Мемлекеттің тапсырмасы бойынша визалар мен өзге де ресми құжаттарды беруді қоспағанда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін ақысыз қорғайды.
Консулдықтың ресми ашылу салтанатына Гренобльде тұратын қазақстандықтар да келді. Ал Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін өңірлердің орасан зор әлеуетінің бар екенін атап өтті.
Оверн-Рон-Альпі өңірінің компаниялары Қазақстанмен цемент, титан құймалары, күн батареяларына арналған фотоэлементтер және тағы басқа салалар бойынша бұрыннан бері жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек, сирек кездесетін жер элементтерін әзірлеу, "жасыл" сутегі өндірісі және тау туризмін дамыту жағынан ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар.
"Софи Сидостың тағайындалуы Франциядағы құрметті консулдықтардың басында әйелдердің рөлін арттырады", - деді Ғалиев.
Софи Сидос Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің басшылығына сенім білдіргені үшін алғысын білдірді
Өз кезегінде Софи Сидос Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің басшылығына сенім білдіргені үшін алғысын білдірді. Ол басқаратын "Louis Vicat" қоры Қазақстанның Франциядағы елшілігінің мәдени іс-шараларын өткізуге үнемі жәрдемдесіп отырады. "MEDEF Isère" кәсіпкерлер қауымдастығының жергілікті бөлімшесін басқаратын Сидос өңірдегі компаниялардың Қазақстанмен байланысын нығайтуға ниетті.
Алдағы уақытта өңірдегі университеттерде қазақстандық студенттердің санын арттыруға, мәдени-спорттық алмасуларға да басымдық беріледі.