Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес – Тоқаев

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысындағы жұмыс орындарының аздығына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент Маңғыстау облысында халық саны көбейгенін, бірақ тұрақты жұмыс орындары ашылмай отырғанын айтты.
"Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт "ҚазМұнайГаз" компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде", - деді президент.
Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып бара жатқанын атап өтті. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру 30 пайызға азайған. Бірақ соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейіп отыр. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі.
Тоқаевтың айтуынша, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр.
"Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек", - деді президент.